Chase: K-pop, музыкалық журналистика және Rolling Stone мен Genius-ке апарар жол

Insider редакциясы Chase Kang-пен эксклюзивті сұхбат жүргізді

· 7 мин оқу
Жарияланымға арналған сурет
Фото: Peter Park (@by.peterpark)

Өзіңіз туралы және кәсіби жолыңыздың қалай басталғаны туралы айтып берсеңіз

Мен Оңтүстік Кореяда өстім, өмірімнің 20 жылдан астам уақытын сонда өткіздім. Кейін бірнеше жыл Лос-Анджелесте тұрып, жұмыс істедім. Кәсіби жолым журналистикадан емес, музыкалық маркетинг пен ойын-сауық индустриясынан басталды. Уақыт өте келе мені тек қандай әртістердің ән шығаратыны немесе жаңа туындыларының қалай насихатталатыны ғана емес, музыканың астарындағы мәдени үдерістер де қызықтыра бастады.

Ең есте қалған тәжірибелерімнің бірі BTS туралы материалдар әзірлеу және ARMY жанкүйерлер қауымдастығының түрлі өкілдерімен танысу болды. Атап айтқанда, жасы 40-тан асқан адамдарды біріктірген жанкүйерлер тобымен кездестім. Осы тәжірибе музыка адамдардың өміріне қаншалықты ықпал етіп, бір-бірінен мүлде өзгеше қауымдастықтарды біріктіре алатынын түсінуге көмектесті.

Материалға арналған кадр
Фото: Chase Kang

Музыкалық журналистикамен айналысқыңыз келетінін қай кезде түсіндіңіз?

Бұл ой бірден келген жоқ. Алдымен өзімнің музыкалық медиа арнамды дамытып, әлеуметтік желілерде K-pop пен музыкаға қатысты мәдени үрдістер туралы жаза бастадым. Уақыт өте келе адамдардың менің байқауларым мен оқиғаларға деген көзқарасыма шынымен қызығатынын байқадым.

Сол кезде мен тек жеке әсерлеріммен бөлісіп қана қоймай, музыкалық индустрияны кәсіби тұрғыдан зерттеп, оның қалай жұмыс істейтінін түсініп, осы үдерістер туралы тереңірек жазғым келетінін алғаш рет ойладым.

Журналист әрі мәдениетті зерттеуші ретінде қалыптасуыңызға кім көбірек ықпал етті?

Маған журналистер де, мәдениет зерттеушілері де шабыт берді. Дегенмен ерекше әсер еткен тұлғалардың бірі - кореялық кино сыншысы Ли Дон-джин. Шынымды айтсам, кино сынының маған ықпалы музыкалық журналистиканың ықпалынан да күшті болды.

Мені әрдайым жанкүйерлер қауымдастығын және музыканың адамдардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне қалай айналатынын бақылау қызықтырды. Музыканың айналасында қалыптасатын мәдениетті зерттеу менің кәсіби көзқарасымның негізін қалады.

Материалға арналған иллюстрация
Фото: Chase Kang

Алғаш жарияланған мақалаңыз қандай болды? Онда не туралы жаздыңыз?

Алғашқы жарияланған мақаламның атауы - When the ‘K’ Disappears: Is K-pop Still Korean When It Belongs to the World? («“K” жоғалғанда: K-pop әлемге ортақ құбылысқа айналғанда, ол әлі де корей музыкасы болып қала ма?»).

Осы мақаламен түннің бір уағына дейін жұмыс істегенім есімде. Қатты қобалжыдым, өйткені алғаш рет белгілі бір әртіс немесе жеке үрдіс туралы емес, ауқымды мәдени мәселе жөнінде зерттеу жүргізуге тырыстым.

Мені K-pop әлемдік деңгейге шыққанда оның корейлік сипаты сақтала ма деген сұрақ қызықтырды. Әндердің ағылшын тілінде жазылуы жиілеп, әртістер халықаралық аудиторияға бағдарланып, музыканы жасауға әртүрлі елдердің мамандары қатыса бастады. Сондықтан K-pop-ты корей музыкасына айналдыратын не екенін түсінгім келді: тіл ме, мәдени орта ма, әртістерді даярлау жүйесі ме, әлде тұтас индустрия ма?

Бұл мақала мен үшін маңызды тәжірибе болды. Журналистика оқиғаларды баяндаумен ғана шектелмей, олардың астарындағы терең мәдени үдерістерді де зерттей алатынын түсіндім.

Редакцияның фотосуреті
Фото: Chase Kang

Кәсіби жолыңыздың басында қандай қиындықтарға тап болдыңыз?

Қиындық көп болды, оның кейбірі әлі де өзекті. Мен университетте журналистика мамандығында оқыған жоқпын, мамандығым - антропология. Сондықтан көп нәрсені өз бетімше үйренуге тура келді: көп оқыдым, басқа авторлардың еңбектерін талдадым және журналистиканың қыр-сырын тікелей жұмыс барысында меңгердім.

Бұған қоса, тәуелсіз журналист ретінде кәсіби байланыстарды өзім орнатып, мақалаларымды жариялауға мүмкіндік іздеуім керек болды. Өз стилімді қалыптастыру, журналистиканы үйрену және кәсіби ортадан өз орнымды табу міндеттерін қатар алып жүруге тура келді.

Insider фотосы
Фото: Kornelia Welmsö (@photoandvideobykornelia)

Ірі басылымдармен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болғанға дейін шамамен 60 хат жібергеніңізді айтқан едіңіз. Қайта-қайта бас тартуға тап болсаңыз да, тоқтап қалмауыңызға не көмектесті?

Ең алдымен, табандылық дер едім. Мен редакциялар мен түрлі компанияларға көптеген хат жібердім. Кейбірі бас тартты, ал кейбірінен мүлде жауап болмады. Кейде K-pop туралы тақырыптарым тым тар ауқымды деп бағаланды, тіпті спам ретінде қабылданған кездер де болды.

Әртүрлі редакциялар мен компанияларға шамамен 60 хат жібергенім есімде. Бұл тәжірибе маған бас тартудан қорықпауды үйретті. Өз идеяларыңды ұсынуды жалғастырып, жеке жазу мәнеріңді қалыптастырып, әрбір сәтсіздікті тоқтауға себеп деп қабылдамау маңызды. Мүмкіндіктер бірден пайда болмауы мүмкін. Бірақ еңбектеніп, өз жолыңды іздей берсең, ерте ме, кеш пе, олар табылады.

Материалға арналған кадр
Фото: Chase Kang

Корея мен АҚШ-та тұрып, жұмыс істеу тәжірибеңіз музыка мен медиаға деген көзқарасыңызға қалай әсер етті?

Корея мен АҚШ-та өмір сүру маған музыка, медиа және коммуникацияның әртүрлі мәдени ортада әрқалай қабылданатынын көруге мүмкіндік берді. Екі тілді білуім және екі мәдениеттің ерекшеліктерін түсінуім кореялық әртістерді де, батыс аудиториясын да тереңірек ұғынуға көмектеседі.

Меніңше, мәдени айырмашылықтарды ескеру өте маңызды. Өйткені бір оқиғаның өзі әр елде мүлде басқаша қабылдануы мүмкін. Сондықтан халықаралық аудиториямен жұмыс істегенде бір мәдениеттің контекстін екіншісіне сол күйінде көшіре салуға болмайды. Әр ортаның өзіндік ерекшеліктерін түсіну қажет.

Корейлік тамырыңыз K-pop-қа деген кәсіби көзқарасыңыздың қалыптасуына қаншалықты ықпал етті?

Өте қатты ықпал етті. Әкем K-pop индустриясының алғашқы продюсерлерінің бірі болған және 1990-жылдары-ақ жақсы танылған. Оның арқасында мен музыкалық индустриямен жас кезімнен танысып, оның ішкі құрылымын түсінуге мүмкіндік алдым.

Бұл тәжірибе өзгелер байқай бермейтін жайттарды аңғарып, өзгеше сұрақтар қоюыма көмектеседі. Мен индустрияны әуел бастан тек тыңдарман немесе көрермен ретінде емес, оның ішкі жұмысымен таныс адам ретінде де бақыладым.

Материалға арналған кадр
Фото: Kornelia Welmsö (@photoandvideobykornelia)

Кореяда өмір сүріп, жұмыс істегеннен кейін АҚШ-тың кәсіби ортасына бейімделу қиын болды ма?

Иә. Мен үшін ең үлкен айырмашылықтардың бірі - америкалық медиа мен музыкалық индустриядағы кәсіби байланыстардың маңызы. АҚШ-тың ойын-сауық индустриясында жеке таныстықтар мен кәсіби қарым-қатынастардың рөлі өте жоғары. Сондықтан екі елдің кәсіби ортасына бірдей бейімделіп, әрқайсысының ерекшеліктерін ескеруді үйренуге тура келді.

Бұл оңай болған жоқ, бірақ сонымен бірге өте құнды тәжірибе болды. Екі нарықтың айырмашылықтарын ғана емес, олардың әрқайсысындағы кәсіби қарым-қатынастың қыр-сырын да түсінуге үйрендім.

Қазір қандай тақырыптармен айналысасыз және антропологияның жұмысыңыздағы орны қандай?

Қазір мені жанкүйерлер қауымдастығы, музыкалық индустрия және музыка төңірегінде болып жатқан мәдени өзгерістер ерекше қызықтырады. Антропология осы тақырыптарға кеңірек қарауға көмектеседі. Мен үшін әртістердің өздерін ғана емес, олардың айналасындағы музыкалық мәдениетті қалыптастыратын адамдарды да зерттеу маңызды.

Жұмысымның негізгі бағыттарының бірі - K-pop-тың жаһандануы және халықаралық нарыққа шыққан сайын қалай өзгеретіні. Бұл жанрдың әлемдік мәдени кеңістікте қалай дамып жатқанын және сол өзгерістердің астарында қандай үдерістер жатқанын зерттегенді ұнатамын.

Материалға арналған иллюстрация
Фото: Peter Park (@by.peterpark)

Неліктен мақалаларыңызда азиялық әртістер мен K-pop тақырыбы жиі кездеседі?

Мұның бір себебі - осы мәдени ортаны жақсы түсінемін. Азиялық әртістер мен K-pop туралы жазу маған жақын, өйткені оларды тек музыка тұрғысынан емес, кеңірек мәдени контекст аясында да қарастыра аламын.

Дегенмен мені бастапқыда белгілі бір әртіс немесе музыкалық жанрдан гөрі, көпшілік назарынан тыс қалуы мүмкін тосын оқиғалар мен тақырыптар қызықтырады. Мәдениеттердің тоғысуы, музыкалық нарықтар арасындағы күтпеген байланыстар және қазіргі поп-мәдениетті қалыптастыратын үдерістер туралы жазғанды ұнатамын.

Мақалаларыңызға идеяны әдетте қайдан аласыз?

Көбіне бәрі меніңше, әлі ешкім қоймаған сұрақтан басталады. Мен үшін тақырыпқа өзіндік қырынан қарап, оқырманға тың көзқарас ұсыну маңызды.

Көптеген мақалам белгілі бір мәдени құбылысты тереңірек түсінуге деген қызығушылығымнан туындайды. Егер қандай да бір тақырып менің өзіме сұрақ тудырып, жауабын тапқым келсе, ол болашақ мақаланың бастауына айналуы мүмкін.

Мақалаға арналған фотосурет
Фото: Irving (@irvingvisuals)

Жұмыстарыңыздың ішінде ең маңызды деп санайтын жобаңыз немесе мақалаңыз бар ма?

Алғашқы мақаламды тағы да атар едім - When the ‘K’ Disappears: Is K-pop Still Korean When It Belongs to the World?.

Онда K-pop-тың жаһандануы, батыс нарығының ықпалы, ағылшын тілінің кеңінен қолданыла бастауы және бүгінгі K-pop-тың корейлік сипаты нені білдіретіні туралы алғаш рет жан-жақты зерттедім.

Бұл тақырып менің көптеген жұмысымның өзегіне айналған негізгі зерттеу қызығушылығымды көрсетеді. Мені K-pop әлемдік мәдени құбылысқа айналған сайын қалай өзгеретіні қызықтырады.

Кәсіби жолыңыздағы ең жағымды немесе есте қалған тәжірибелердің бірі қандай?

Ең жағымды тәжірибелерімнің бірі - KARD тобымен танысу болды. Бұл - K-pop-ты мумбатон, электронды би музыкасы (EDM) және хип-хоппен ұштастыратын оңтүстіккореялық топ.

Олар мен жұмыс істеген Голливудтағы PR агенттігінің бұрынғы клиенттері еді. Топтың әлеуметтік желілеріне арналған контент әзірлеу де жұмысқа қабылдау сұхбаты кезінде орындаған тапсырмаларымның бірі болды.

Insider фотосы
Фото: Chase Kang

Бүгінде музыкалық журналистикада мансап бастағысы келетіндерге қандай кеңес берер едіңіз?

Әлеуметтік желілердің ықпалымен қазіргі журналистика айтарлықтай өзгерді. Сондықтан бұл кәсіптің бүгінгі ерекшеліктерін түсініп, оның қиындықтарына дайын болу маңызды. Сонымен бірге журналистика өмірде қайталанбас тәжірибе жинауға және үнемі жаңа нәрселер үйренуге мүмкіндік береді.

Мен қарым-қатынас орнату дағдыларын дамытып, өзіңіздің мықты тұстарыңызды түсінуге және өзгелер ұсына алмайтын қандай ерекшелігіңіз бар екенін анықтауға кеңес берер едім.

Көп адам бірден BTS тобынан сұхбат алуды армандайды. Бірақ кез келген кәсіби жол шағын қадамдардан басталады. Сондықтан еңбектенуді жалғастырып, дамуға ұмтылып, істі кішкентай қадамнан бастаудан қорықпау керек.

Дереккөз: Insider Kazakhstan

Соңғылары