IL’HAN, ULAN ADEELKHAN және BAYANSULU
BAYANSULU балалық шағы мен арманы туралы ән шығарды.

BAYANSULU «KOKTE» атты жаңа әнін ұсынды. Композицияда әнші өзінің өмір жолына үңіліп, балалық шағын, асқақ армандарын және сол жолда кездескен қиындықтарын еске алады. Әннің музыкасын IL’HAN мен ULAN продюсерледі, ал мәтінін Рахымжан Амантай жазды. Клиптің режиссері - Әділ Қазкенов.
Әннің негізгі кейіпкері - ауылда өсіп, әжесінің ертегілерін тыңдап, ата-анасының махаббатына бөленген қыз. BAYANSULU оның тарихын үшінші жақтан баяндай отырып, кейіпкердің ішкі сезімдері мен жан дүниесін ашады. Арманға толы балалық шақтан бастап, алдану, көңіл қалу және өзгенің сөзіне бола оңаша жылаған сәттерге дейінгі оқиғалар әннің мазмұнына арқау болған.
«Ол ару енді көкте» деген жол әннің негізгі ойын айқындайды. Бүгінде биікке көтерілген қыздың жетістігі сырт көзге оңай келгендей көрінуі мүмкін. Алайда оның артында талай сынақ, төзім мен өзіне деген сенім жатыр.
IL’HAN жеке орындаушы ретінде танылғанымен, оның музыка индустриясындағы еңбегі әншілікпен ғана шектелмейді. Ол бұған дейін Sadraddin-нің «Qansha kun» және Қайрат Нұртастың «Сен менің адамымсың» әндерінің авторы ретінде де танылған. Ал бұл жолы BAYANSULU-дың «KOKTE» әнін ULAN ADEELKHAN-мен бірге продюсерлеп, өзге орындаушылармен шығармашылық байланысын жалғастырып отыр.

«KOKTE» - өзіне сенбегендерге қарамастан, арманына қарай қадам басуын тоқтатпаған жандарға арналған ән. Кейде адамның бүгінгі жетістігіне қарап, оның қандай жолдан өткенін аңғару қиын. Ал BAYANSULU бұл туындысында сол жолдың артында айтылмаған талай оқиға мен жеңуге тура келген қиындықтар бар екенін еске салады.



